Кеңестік тарихтың трагедиялық тақырыптарының бірі 1930-1940 жылдардағы халықтардың депортациясы болып табылады. Депортацияға ұшыраған ұлттар әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан түрлі қысымдарға тап болды. Бірқатар ұлттар ұзақ жылдар бойы екінші санатты топқа жатқызылып, сталиндік репрессияның құрбанына айналды. Сондай ұлттардың бірі гректер болып саналады. Бұл мақалада 1930-1940 жылдары Қазақстанның оңтүстік аймағына депортацияланған гректердің қарапайым өмірінің тарихи-әлеуметтік және құқықтық аспектілері қарастырылған. Бұл ретте гректердің ахуалын күнделікті өмір тарихы аспектісі тұрғысынан қарастыруға мән бердік. Депортация тарихы соңғы уақыттары тарих ғылымында үлкен маңызға ие болуда. Депортацияланған халықтардың әлеуметтік-тұрмыстық өмір бейнесін зерттеу арқылы тұтас қоғамдық ахуалдың даму барысын бағалауға қол жеткіземіз.
Гректердің Қазақстандағы қиын кезеңдеріне тарихи баға бере отырып, оның ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайтудағы үлкен сабақ ретіндегі мәніне үңілеміз. Себебі, аталған дәуірде қазақ және грек ұлттары татулық пен өзара достықтың жарқын үлгісін көрсете алды.
Депортацияланған халықтардың күнделікті өмір процесін ғылыми талдау арқылы оның ерекшеліктері мен мәселелік тұстарын айқындай аламыз. Гректердің өмірі бұл бағытта үлкен мысалға айналады. Бұл тақырыпты зерттеудің басты өзектілігі сталиндік билік жүйенің саяси-идеологиялық қателіктерін түсіндірумен анықталады.