Мақалада ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген ресми басылымдардағы, оның ішінде «Дала уалаятының газеті» мен «Түркістан уәлаятының газеті» беттерінде жарық көрген материалдарды негізге ала отырып, қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту саласының ұйымдастырылуы мәселелері деректанулық тұрғыдан қарастырылады. Аталған ресми басылымдар беттерінде сол тұстағы қазақ балаларының білім алуы, оларды оқыту мәселесіне қатысты материалдар топтасырылған. Мектеп үйлерінің ашылуы мен ондағы білім беру ісінің барысы мен материалдық базасы, оқытуды ұйымдастырудағы ерекшеліктер беріледі. Десек те, аталған кезеңде патшалық үкіметтің отарлау саясатының басым болуы, соған орай рухани тұрғыдан отарлаудың басты мүмкіндігі оқу-ағарту арқылы жүргізілгендіктен, мәселені қарастыруда басылым беттеріндегі материалдарды деректанулық тұрғыдан негіздеу қажет.
Соған орай мақалада ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген ресми басылым беттеріндегі білім беру ісі, мектептерді ұйымдастыру, оқу-ағарту саласының мүмкіндіктері, оқыту бағыттары мен барысы туралы мәселелер деректанулық тұрғыдан талданады. Олардағы деректер сол тұстағы оқу-ағарту саласының дерек көзі болумен бірге оның сақталу формалары мен объективтілігіне көз жеткізуді қажет етеді.
