Бұл мақалада Қазақстанның орта мектептерінде 8-11 сынып оқушыларының мектеп бағдарламасы аясында отбасы тарихын оқытудың маңыздылығы жайлы сөз етіледі. ХХІ ғасыр адамдарының ақпарат қабылдауы көптеген зерттеулер көрсеткендей сексен пайызы көру арқылы болғандықтан, оқушыларға отбасы тарихын визуалды антропология бағыты негізінде, яғни визуалды деректерді, оның ішінде оқушылардың жеке отбасылық сақтауында тұрған фото альбомдар, фотолар, видеолар негізінде оқыту-дың мүмкіндіктері және перспективаларын анықтау үшін жасалған зерттеу жұмысының нәтижесі көрсе-тілген. Мақалада Алматы қаласы №159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназиясы мен Алматы қаласы №208 мектеп-гимназиясының 8-11 сынып оқушылары қатысқан сауалнама нәтижелері келтірілген. Сауалнамаға барлығы төрт жүз отыз оқушы қатысқан. Сауалнама нәтижесінде оқушылардың отбасы тарихына деген қызығушылығы жоғары екенін, сонымен қатар отбасы тарихына арналған жеке қордағы естеліктерімен бөліскісі келетіндіктерін, отбасы тарихын танып білу олар үшін маңызды екендігін көрсететін нәтижелер туралы талдау жұмысы көрсетілген.
Отбасы ең маңызды әлеуметтік микроқұрылым ретінде бүкіл әлеуметтік жүйенің ажырамас бөлігі болып табылады және оның барлық басқа компоненттерімен ажырамас байланыста болады, қоғамда болып жатқан өзгерістерді тікелей немесе жанама түрде көрсетеді.
Қазіргі заманғы отбасылық психологтар мен әлеуметтанушылар отбасылық құрылымдағы орталық-тың туыстық қатынастардан, балалар мен ата-аналардың байланыстарынан ерлі-зайыптылық қатынас-тарға ауысуын байқайды, ал туыстық байланыстар, олардың маңызы зор болғанымен, екінші орынға шығып бара жатыр. Э.Г. Эйдемиллер және В. В. Юстицкий патриархалдық отбасы мен дәстүрлер бүгінгі қоғамда әлі де күшті, бірақ отбасы мүшелері арасындағы шекаралар диффузды, нашар құрылымдалған, бұл отбасы мүшелерінің денсаулығына, отбасының бірлігіне әсер етпей қоймайды деп тұжырымдайды.
Отбасы тарихы керек десеңіз бір қоғамның тұтас бір ұлттық идеясының пісіп жетілетін мекені болғандықтан, тарихшылар мен педагогтар тарапынан көптеген зерттеулерді қажет ететіні анық. Қазіргі отбасы институтында болып жатқан трансформациялар, ондағы, яғни отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға тікелей әсер ететіні сөзсіз. Балалардың ішінде, әсіресе жасөспірімдерге деген ықпалы орасан зор. Сол себепті, зерттеу жұмысы барысында біз сауалнамаға мектеп оқушылары арасынан 8-11 сынып оқушыларын қатыстырдық.