Мақала барысында ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесінің Сырдария облысындағы ауыл шаруашылығының даму ахуалы талданады. Бүгінгі посткеңестік кеңістікте өткен тарихи кезеңдерді қайта қарау үрдісі белсенді жалғасуда. Осы ретте ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесінің Сырдария облысы аумағындағы ауылшаруашылығының даму ахуалын тарихи талдау да өзекті. Қарастырып отырған жылдары Түркістан өлкесінің Сырдария облысы патшалық Ресейдің мемлекеттік меншігіндегі жер болып табылды. Патшалық Ресей Түркістан облысы аумағын империяның бір бөлігі ретінде қарастырды. Аймақтағы шаруашылық түрлерін дамытып, экономикалық тұрғыдан пайда табу мәселесі де маңызды болды. Ол әсіресе мақта өсіру сияқты қоныс аударушылар үшін таңсық болған шаруашылық түрін дамытудан көрінді.
ХХ ғасыр басында Түркістан өлкесіне А.А. Кауфман, Н. Гаврилов, К.К. Паленнің сенаторлық ревизиялары жүргізілді. Аталған комиссия жұмысының есептерінде қарастырып отырған Сырдария облысы аумағындағы ауыл шаруашылығының даму қарқыны анықталады. Облыс аумағындағы суармалы жерлерді қолдану тәртіптері, көшпелі және отырықшы тұрғындар арасындағы жер қатынастары сияқты маңызды мәселелер бойынша мәліметтер сақталған. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесінің Сырдария облысы аумағында көшпелі мал шаруашылығы, дәнді дақылдар егу, мақта өсіру, бағбаншылық сияқты маңызды шаруашылық түрлері қалыптасты.