Аңдатпа
Мақалада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы қазақ халқының ұлттық кодын сақтай білу қажеттілігінің маңыздылығы айтылған. Сонымен қатар, Алтын Орда дәуіріндегі жазба ескерткіштеріндегі қоғамдық сананы жаңғыртуға әсер ететін салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, ұлтымыздың мәдени кодын құрайтындығы туралы баяндалған. Насирудин Баһанддин Рабғузи әулие-әнбиелерінде дүниетаным түсінігі діни тұрғыдан түсіндірілгенімен, бұл адамзаттың өмірімен тығыз байланысты әдет-ғұрыптарымен қатар жүретіндігі қарастырылған. Алтын Орда тұсында жазылған Рабғузидың әдеби мұрасында түркі халықтарының ғана емес, басқа да жалпы халықтардың әдет-ғұрыптарының адам өміріндегі маңыздылығы айтылған. Мақалада Рабғузи шығармасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани тәрбиені жалғастырушы құрал ретінде қызмет ететіндігі баяндалған. Автордың «Қисас-ул әнбиясы» мәдени құндылығы жағынан жастарға рухани тәрбие беруде өте маңызды шығарма. Онда адам бойындағы рухани мәдениеті, ақылы, жауапкершілігі арқылы жан-дүниені қабылдайтыны және адамның мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін факторлар қарастырылған. Ендеше, осы сезімдерден тұратын адам – өмірі мен оның барысы руханилық құбылыстар жиынтығы болса, бұл кеше, бүгін, ертең де өзінің жалғасын табатыны сөзсіз.
Мақалада, әлемдегі әр ұлт өкілі өзінің ұлттық коды, дүниетанымы, бойында қалыптасқан ұлттық санасы арқылы әлемдік өркениетті қабылдайтындығы және оны өз ұлтының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына сәйкес, икемді етіп дамытуды көздейтіндігі сараланған. Түркі тілдес халықтарға ортақ әдеби шығармалар, оның ішінде қазақ халқының этнографиясын зерттеуде, тілін түсінуде ортақ дерек көздерінің бар екендігі Рабғузи шығармаларын құнды етеді. Мақалада, Рабғузи шығармаларындағы қазақ халқының этнографиясын зерттеуде ортақ дерек көздерінің бар екендігін зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселе болып табылатындығы айтылған.