Осы зерттеу аясында негізгі дереккөздер мен ғылыми еңбектерге талдау жүргізіліп, империялық саясаттың түрікшілдік идеологиясының таралуына ықпалын тереңірек түсінуге мүмкіндік берілді.
XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың басында Ресей империясы пантүркішілдікті өзінің аумақтық тұтастығына төнген қауіп ретінде қабылдағанына қарамастан, оның жүргізген ұлттық саясаты бұл қозғалыстың дамуына қолайлы жағдайларды бейсаналы түрде қалыптастырды. Аталған парадокс отарлау мен ұлттық бірегейліктің өзара тығыз ықпалдастықта қалыптасқан күрделі байланысын айқындайды және олардың өзара әсерінің серпінді сипатын көрсетеді.
XX ғасырдың басында империяның отарлық саясатының қайшылықты сипаты қазақ қоғамында айқын көрініс тапты. Білім беру, мәдениет және дін салаларында жүзеге асырылған империяның «өркениеттендіру» саясаты зиялы қауымның қалыптасуын жеделдетіп, қазақ қоғамындағы зияткерлік және саяси қозғалыстардың күшеюіне ықпал етті. Бұл үдерістің айқын нәтижелері Алаш автономиясы, Түркістан автономиясы және «Шура-и улема» партиясының қызметі арқылы үш саяси жобада айқындалды.
Осылайша, жергілікті мәдени бірегейлікті әлсіретуге бағытталған Ресей империясының саясаты іс жүзінде түрікшілдік идеялардың таралуына және қазақ даласындағы ұлттық сананың нығаюына түрткі болды.
