Мақалада ортағасырлық Сарайшық қаласында соғылған тиындар Жошы Ұлысы нумизматикасы контекстінде жан-жақты қарастырылып, олардың таралу аймағы, хронологиясы және экономикалық-саяси байланыстар жүйесіндегі орны талданады. Зерттеу барысында археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық материалдарға кешенді талдау жүргізіліп, тиындарды атрибуциялау, эпиграфикалық оқылым және типологиялық салыстыру әдістері қолданылды. Сонымен қатар нумизматикалық деректер ғылыми каталогтармен және ZENO.RU дерекқорымен салыстырылды. Зерттеу нәтижесінде Сарайшықта соғылған тиындардың жалпы саны нақтыланып, олардың негізгі эмитенттері ретінде Мүрид, Ұлжай-Темір, Болат, Ильбак, Тоқтамыс және Дервиш хандардың есімдері анықталды. Нумизматикалық материалдар Сарайшықта ақша соғу ісі негізінен XIV ғасырдың екінші жартысында, Жошы Ұлысындағы саяси тұрақсыздық кезеңімен тұспа-тұс келгенін көрсетеді. Бұл жағдай орталық биліктің әлсіреуі жағдайында қаланың аймақтық экономикалық және әкімшілік орталық ретінде маңызы артқанын аңғартады. Сонымен қатар, Сарайшықта соғылған тиындардың Қазақстан, Ресей және Украина аумақтарындағы археологиялық ескерткіштер мен көмбелер құрамынан табылуы олардың кең таралу географиясын дәлелдейді. Бұл деректер Сарайшық қаласының Еділ–Жайық өңіріндегі халықаралық сауда және ақша айналымы жүйесінде маңызды рөл атқарғанын көрсетеді.
Зерттеу нәтижелері Сарайшықтың Жошы Ұлысы дәуіріндегі экономикалық, саяси және сауда байланыстарындағы стратегиялық маңызын айқындап, Жошы Ұлысының ақша айналымы тарихын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

