Мақалада ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау жолында белсенді қызмет атқарған Алаш қозғалысының қайраткері Мырзағазы Есполовтың публицистикалық қызметі жан-жақты талданады. Зерттеу нысаны ретінде оның «Қазақ», «Ақ жол» газеттері мен «Шолпан» журналында жарияланған мақалалары алынып, публицистикалық мұрасы саяси-тарихи контекст аясында қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – Мырзағазы Есполов публицистикасының қалыптасу кезеңдерін, тақырыптық бағыттарын және қоғамдық ойды қалыптастырудағы рөлін айқындау. Мақалада Есполовтың публицистикалық қызметі хронологиялық тұрғыдан жүйеленіп, оның қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметімен сабақтастырыла талданады. Зерттеу барысында Мырзағазы Есполовтың 1915-1917 жылдары «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларында жер мәселесі, әлеуметтік теңсіздік, ағарту ісі, Бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында тылға алынған қазақ жігіттерінің ахуалы сияқты өзекті мәселелер көтерілгені көрсетіледі. Сонымен қатар мақалада Есполовтың 1917 жылы Земгор жанындағы бұратана бөліміндегі қызметімен байланысты жарияланымдары қарастырылып, оның сол уақыттағы қызметі мен баспасөздегі жарық көрген материалдарының өзара тығыз байланысы айқындалады. Мырзағазы Есполовтың мақала жазу кезінде қолданған бүркеншік аттары туралы ғылыми негізделген тезисі ерекше қызығушылық тудырады. Зерттеудің маңызды бөлігі Мырзағазы Есполовтың Ташкент қаласындағы қызмет кезеңіне арналған. Бұл уақытта ол Түркістан Жер-су халық комиссариаты мен Түркістан Орталық Атқару Комитеті жүйесінде қызмет атқара отырып, жер-су мәселесі, аграрлық саясат және мал шаруашылығын дамытуға арналған талдамалық мақалалар жариялайды. Осы кезеңде оның публицистикасында ресми-аналитикалық сипат күшейіп, авторлық дискурстың қалыптасқаны анықталады.
Тіл
Қазақ
Дәйексөздерді қалай жазу керек
[1]
Тастекова, Г., Байдалы, Р. і Балгабаева, Г. 2026. АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ МЫРЗАҒАЗЫ ЕСПОЛОВТЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы. 1, 88 (Бер 2026). DOI:https://doi.org/10.51889/2959-6017.2026.88.1.029.

