Мақалада интерактивті оқыту әдісі мен цифрлық құралдарды қолдануға негізделген зерттеу тақырыбы бойынша семинар сабағын өткізу әдістемесі қарастырылады. Қазіргі білім беру жүйесінің талаптарына сай бейімделген оқу сабағының құрылымы мен мазмұнын көрсететін дидактикалық материал келтіріледі. Семинарды өткізу алгоритмі білім алушылардың өңірлік тарихи ахуалды талдауға және олардың танымдық қызметін жетілдіруге алғышарт болатын іскерлік ойын логикасы мен проблемалық-зерттеу тәсілі негізінде құрылады. Мақалада оқу іс-әрекетінің әртүрлі түрлерін қамтитын семинар сабақтың құрылымы сипатталған: тақырыпқа көрнекі таныстыру ретінде архивтік фотосуреттер мен бейнематериалдарды назарға ұсыну, «миға шабуыл» және «Аквариум» форматындағы пікірталастар, зерттеушілік мазмұндағы тапсырмаларды топтық орындау, викториналар мен рөлдік ойындар өткізу. Сабақтың әр элементі білім алушылардың дереккөздерді сыни ойлауын қалыптастыруға, тарихи фактілерді түсіндіруге және өз көзқарастарын дәлелдеуге бағытталған.
Мақалада оқу іс-әрекетін тиімді ұйымдастыруға ғана емес, сондай-ақ цифрлық сауаттылықты, топтық жұмыс және коммуникация дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететін «Learningapps.org», «Kahoot» және «Padlet» сандық құралдар сабақтың барысына оңтайлы кіріктіріледі. Авторлар интерактивті платформаларды пайдалану оқытушының оқу процесін ұйымдастырудағы мүмкіндіктерін арттырып, білім алушылардың оқу үдерісіне ынтасын күшейтетіндігін сөз етеді. Семинар сабақтың бұл үлгісін тек өңірлік білім беру тарихын оқыту аясында ғана емес, сонымен қатар дереккөздермен жұмыс істеу, зерттеушілік әдісті қолдану және сыни ойлауды дамыту маңызды саналатын өзге де гуманитарлық пәндерге бейімдеуге болады.
