Кіріспе. Мақалада шетелдік ғылыми әдебиетте советтік Қазақстан тарихының жекелеген мәселелерінің көрініс табуы көрсетіледі. Тақырып – «шетелдік зерттеушілердің тұжырымдары бұрмаланған, олар тарихи шындықпен үйлеспейді» деген көзқарасты қайта сын тезінен өткізу тұрғысында өзекті. Тарихнамалық шолу советтік Қазақстан тарихы мәселелерінің өткен ғасырдың орта кезінен бастап күні бүгінге дейін шетелдік зерттеушілердің назарында болып келгендігін дәлелдейді. Шетелдік әдебиетте өлкеде қазан революциясының орнатылуы және одан кейінгі кезеңдердегі советтік қайта құрулар, 1931–1933 ашаршылық, тың игерудің республика экономикасына ықпалы мәселелерін қарастыруға басымдылық берілген. Қазақстандық ғылымда советтік Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы талданған кешенді зерттеу орын алмаған, өйткені тәуелсіздік алғанға дейінгі уақыттарда «фальсификаторлардың» еңбектерін талдауға тиым салынған. Зерттеудің мақсаты және міндеттері – XХ–XХІ алғашқы ширегіндегі советтік Қазақстан тарихын шетелдік зерттеушілердің қарастыруын, тұжырымдарын, ғылыми еңбектердің өзіндік ерекшеліктерін айқындау; методологиялық ұстанымдарын және зерттеу бағыттарын айқындау; еңбектердің ғылыми маңызы мен кемшіліктерін көрсету. Нәтижелер. Мақалада XХ–XХІ алғашқы ширегіндегі советтік Қазақстан тарихы мәселелерінің шетелдік тарихнамасына шолу жасалды. Ондаған жылдар бойы шетелдік ғалымдардың еңбектері отандық тарихшылар үшін беймәлім болып келді. Олардың зерттеу бағыттарынан, ұстанымдарынан қазақстандық тарихшылар тарихты зерттеудің дүниежүзілік ғылыми үдерісінен қол үзген еді. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін тарихшыларға советтік Қазақстан тарихын зерттеуде балама ой-пікірлермен танысу мүмкіндігі туды. Шетелдік зерттеушілер советтік Қазақстан тарихын арнайы зерделемесе де жекелеген мәселелерін қарастырды. Тарихи деректерді талдау нәтижесінде шетелдік зерттеушілер өзіндік тұжырымдар жасады. Түйінделген тұжырымдарының арасында тарихи шындықпен үйлесетіндері де, орын алған тарихи оқиғалар мен үдерістерге сәйкес келмейтіндері де бар.
Қорытынды. Отандық тарих ғылымында советтік Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы кешенді түрде талданбаған. Оның тек жекелеген мәселелері бойынша шетелдік ғылыми әдебиеттерден көрініс табуы қарастырылды. Советтік Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасын жаңа бағытта, әрі жүйелі түрде зерделеу қажеттілігі байқалады. Сонымен қатар дүниежүзілік тарих ғылымындағы соңғы жылдары жарық көрген, салмақты әрі шынайы тұжырымдары бар еңбектерді зерделеудің маңызы зор. Сондай-ақ шетелдік әдебиеттерді сыни тұрғыда талдаудың қажеттілігі ғылым дамуы үшін ғана емес балама көзқарастар негізінде шынайы тарих жазудың кепілі екендігі байқалды.
