Мақалада 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы жарғының» іске асырылуына қарсы Арқа даласындағы азаттық күрес тарихы баяндалады. Ресей империясы енгізген бұл отарлық реформа орта жүзде хандықты жойып, қазақтардың бұрынғы еркіндігінен айырды. Тұтас хандықты дуандарға бөлу, оның тұрғындарына түрлі салықтар салу, сондай-ақ, жер асты мен үстінің қазына байлығы бұдан былай империя меншігі деп танылу сияқты «жаңалықтар» орын алды. Бұл халықтың жаппай наразылығын тудырды, яғни Марал Құрманов, Ғұбайдолла Уәлиханұлы, Саржан Қасымұлы, Сартай Шыңғысұлы ж.б. осы сияқты ержүрек сұлтан-батырлар бастаған қазақ сарбаздары мұздай қаруланған патша әскерімен бетпе-бет келді. Күші тең емес шайқастар реформаның жарияланған күнінен басталып, ол Кенесары Қасымұлы бастаған белгілі ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.
Алайда архивтік құжаттардың басым бөлігі империялық идеология аясында, яғни «қазақтар дуан құруды өздері қалады» деген сияқты пікір қалыптастыруға бағытталған. Шын мәнінде ХІХ 20-30 жылдарындағы қиян-кескі ұрыс-шайқастар бұл жымысқы саясаттың бет-пердесін аша түсетіні белгілі еді. Мақала авторлары дуан құруға қазақтардың қарсылығын жаңа фактілік материалдар негізімен баяндайды.
Жұмыс ҚР БҒМ ИРН AP23487874 «Ресей империясының Солтүстік-Шығыс Қазақстанда ресми саясатын қалыптастыру және іске асыру бағытындағы Сібір комитетінің қызметі: деректерді талдау және контекст» атты жоба аясында орындалды.
