Мақаланың мақсаты ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Түркия мен АҚШ арасындағы сыртқы саяси қатынастарды талдау болып табылады. Кариб және Кипр (Джонсон хаты) дағдарыстары аясында екі ел арасында пайда болған шиеленістерді зерттеп, Түркияның ұлттық мүдде мен күш теңдігіне сүйенген негізгі стратегиясының ерекшелігін айқындау зерттеуіміздің нысанын құрайды. Зерттеу аясында неоклассикалық реализм және неореализм теориясы мен тарихи, саяси және халықаралық қатынастар әдістері қолданылды. Қырғи қабақ соғысы кезеңіндегі Түркия-АҚШ қатынастары бұрын көбіне одақтастықтың оң қырынан зерттелсе, бұл мақаланың ғылыми жаңалығы нақты дағдарыстарды (Кариб және Кипр) жеке қарастырып, Түркияның ұлттық мүддені алға қойған дербес қадамдарын алғаш рет егжей-тегжейлі зерттеумен ерекшеленеді. Негізгі ұсыныс Түркия-АҚШ қатынастарын түрік деректері аясында одан әрі тереңдеп зерттеп, Түркияның сыртқы саяси тәжірибесін басқа да Түркі тілдес елдердің АҚШ-пен қатынастарында тиімді пайдалану ұсынылады.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы Түркия-АҚШ қатынастары АҚШ және КСРО арасындағы Қырғи қабақ соғысытың өршіген және биполярлы халықаралық қатынастардың орныққан дәуіріне тұспа-тұс келеді. 1960-шы жылға дейін Түркия АҚШ-тың басшылығындағы НАТО ұйымының белсенді мүшесі, әрі АҚШ-пен жан-жақты қатынастарын кеңейткен маңызды одақтас актор болатын. Алайда ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында екі мемлекет арасындағы қатынастарда шиеленістер ұшыға түсіп, одақтастық байланыстар сынаққа ұшыраған. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында АҚШ коммунистерге қарсы батыстық саяси режимдерге сүйенген елдерге басшылық жасаған және оларды ортақ мақсатқа жұмылдырушы ұлы держава (superpower) болатын, ал Түркия батыстың жоғары дамыған елдердің қатарына кіруге ұмтылған орта деңгейдегі мемлекет (middle power) ретінде қалыптасқан. Орта деңгейдегі мемлекет ұлы державаға қатысты тек екі сыртқы саяси стратегияның біреуін ұстануы мүмкін. Біріншісі ұлы державаны мойындап, оған қарсы сыртқы саясат ұстанбай және оның мүддесін ескеріп, ұлы державаның тағдырымен тағдырлас болатындай стратегияға басымдық беруі мүмкін. Екіншісі ұлттық мүддені ескеріп күш теңдігі стратегиясын ұстанып, ұлы державаның күшін теңестіре алатын басқа ұлы державамен қатынастарды өрбітіп, өзінің әскери және экономикалық күшін нығайтып, әрі ұлттық мүддеге негізделген аймақтық және халықаралық одақтарға мүше болуды таңдауы мүмкін. Түркия мемлекеті АҚШ-пен қатынастарындағы сыртқы саяси тарихында аталған екі стратегияны да ұштастыра білген мемлекет болып табылады.
