Мақаланың мақсаты 2024 жылдың тамызында Қызылорда облысы Арал ауданы аумағында барлау жұмыстары барысында тас ғасыры ескерткіштерінен алынған жаңа материалдарды жария-лау болып отыр. Аймақтағы алты ескерткіштерге мониторинг жұмыстары жүргізілді: Соның ішінде Қосаман тұрағы, Сексеуіл (Құмсай) 1 тұрағы, Сексеуіл (Құмсай) 3 тұрағы, Сексеуіл (Құмсай) 4 тұрағы, Сексеуіл (Құмсай) 5 тұрағы, Шижаға 2 тұрағы, аймақтан жаңадан Сазды 1, Сазды 2, Сазды 3, Сазды 4, Сазды 5 ескерткіштері ашылды. Барлау маршруты Қазалы ауданы аумағы Арал ауданы қаласы арқылы Шижаға, Сазды, Сексеуіл станциясы аралығы қамтылды. Жұмыс барысында артефактілерді үздіксіз жинау және олардың орналасқан жерлерін картаға түсіру жұмыстары жүргізіліп, ең көп жинақталған жерлерде байқау қазбалары жасалынды. Барлық алынған шақпақ тастар мен қыш ыдыстар материалдары типологиялық және технология-лық әдістерді қолдану арқылы талданды. Зерттелген және анықталған тұрақтар мен табылым орны неолит, энеолит, қола және ерте темір дәуірлеріне жатады. Зерттеу нәтижелері бұл аймақтың неолит және энеолит коллекцияларында шикізаттың негізінен екі түрі пайдаланылғанын көрсетті: неолит артефактілері үшін – түрлі түсті шақпақ тастар мен сұр минералді кварцит; энеолит кешен-дері үшін – тек сұр түсті ірі түйіршікті сапасы төменгі кварцит. Типологиялық тұрғыдан алғанда, неолит кешендерінің құрал-сайман жиынтығы негізінен өңделген және өңделмеген пышақ тәрізді тілікшілер, қырғыштар, бүйірлі қырғыштар, тісті құралдардың жеке үлгілері, жебе ұштары және т.б. Энеолит кешендерінің артефактілерінің ішінде қабыршақтар мен олардан жасалған бұйым-дардың басым бөлігі - қырғыш, қырғыштар, тісті құралдар, қашау тәрізді, екі бетті өңделген құралдар. Қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің артефактілері табылған жерлерде тек қыш ыдыс сынықтары ғана байқалады. Қола дәуірінің қыш ыдыс сынықтарына қолмен құйылған құмыралар мен қыш пішінді ыдыстар жатады, оларда көбінесе геометриялық өрнектермен тарақ тәрізді ою-өрнектер бар. Ерте темір дәуірінің сынықтары типологиялық жағынан ұқсас пішіндегі ыдыстарға жатады, бірақ олардың ою-өрнегі жоқ, олар да қолмен жаспырмалы әдіспен жасалған. Мақалада келтірілген деректер ежелгі халықтың жаңа қоныстанған жерлерін сипаттайды және Солтүстік Арал маңының неолит-энеолитіне қатысты қолда бар материалдарды айтарлықтай толықтырады; техно-типологиялық талдау арқылы хронологиялық жасын нақтылауға әрекет жасалды, соның арқасында әр дәуірге тән өнімдер топтамасы сипатталды.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АРАЛ АУДАНЫНДАҒЫ 2024 ЖЫЛҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Жарияланған July 2025
0
0
Аңдатпа
Тіл
Русский
Кілтті сөздер
Неолит, энеолит, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орны, тас жәдігерлері, қыш ыдыс, Арал маңы, Қазақстан.
Дәйексөздерді қалай жазу керек
[1]
Рахымжанова С. Ж., Тушева Е. К. і Құрманиязов Ы. С. 2025. ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АРАЛ АУДАНЫНДАҒЫ 2024 ЖЫЛҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы. 2, 85 (Лип 2025). DOI:https://doi.org/10.51889/2959-6017.2025.85.2.016.