Киелі мекен Сарайшықта қазақ халқының құрылу, бірігу тарихының бастаулары жатыр. Сондықтан Сарайшықтың әрбір тасын, кірпіші мен қыш ыдыстарын ықылас қойып зерттеу, қастерлеу, жас ұрпақтың санасына сіңіру бізге парыз. Сарайшықпен, соның ішінде оның көне жұртының тарихымен, тағдырымен азды-көпті таныс жұрт оны әулиелі жер деп біледі. Зерттеу-лердің бірі Сарайшық туралы халық жадында көнеден бүгінге дейін жеткен аңыздар. Біз өз зерттеумізде Сарайшық қаласының аумағына қатысты аңыздар мен тарихи деректерді салыстыра отырып талдауға талпындық.
Сарайшықтың аңыздары қазіргі кезде көпшілікке мәлім. Олар Алтын орда ханы әз-Жәнібек хан мен Асан қайғы арасындағы оқиғалар, Сарайшықтың Секер көлі, хан қызы, оның алтын қайығы, қазақтың даңқты ханы Қасым хан Сарайшық төңірегінде «бұрын-соңды болмаған салбурын жасаймын» деп бүкіл қазақ ордасынан 1000 құсбегі шақыртқаны туралы аңыздар. Сонымен бірге, жергілікті жұртқа ғана мәлім, Асау әулие, Қыз әулие, Зейнелғабит ата, Тәжібай ата туралы аңыздай ғып айтылатын әңгімелер бар. Мақалада этнограф Ахмет Тоқтабайдың деректері, жергілікті тұрғындардан алынған мәліметтер берілген. Сарайшықпен салыстыру мақсатында Сарай-Берке, Маджар қалаларындағы аңыздар қаралынды.