Бүгінгі таңда ортағасырлық түрік-мұсылман мемлекеттерінің тарихына қатысты көптеген жаңа жазба дереккөздер мен археологиялық жәдігерлердің табылуы түрік халқының тарихына жаңа көзқараспен қарауға және аз зерттелген немесе зерттелмеген мәселелерді жан-жақты шешуге мүмкіндік береді. Бұл ретте татар тарихшысы, ойшылы мен шығыстанушысы Ш.Маржанидің Алтын Орда тарихына қатысты мәліметтері өзінің өзектілігін жоғалтпай келеді. 1885 жылы «Мустафад әл-ахбар фи ахвали уа Казан Болгар» («Қазан және Бұлғар тарихы үшін жиналған мәліметтер») атты еңбегін жазып, ол бірден сол замандағы зерттеушілер тарапынан тарихи еңбектердің құңдысы, әрі жауһары деген атқа ие болады.
Орта Азияның ХІХ ғасырға дейін тарихына баяндалған бұл еңбекте Ш.Маржани түркі халықтарының тарихына ғана емес, олардың мәдениеті, аңыздары мен көне бабалардан жеткен жыр-әңгімелерін, дүниетанымын сипаттауды қолға алды. Еңбектегі Алтын Орда мемлекетінің тарихы алғаш рет ортағасырлық тарихи дереккөздер негізінде ғана емес, сонымен қатар нумизматикалық, фольклорлық тұрғыда баяндалды.
Зерттеу жұмысының мақсаты болып Ш.Маржанидің еңбегінде Алтын Ордаға қатысты мәліметтері саралап, олардың өзектілігі мен ерекшеліктерін көрсету. Соған сай мақалада Ш.Маржанидің Алтын Орда тарихын сипаттаудағы қолданған материалдары, еңбектің басқа бір зерттеуден ерекшеліктері және тарихи дереккөздердің жетіспеуі немесе басқа бір себептермен қате мәліметтердің жазылу себептері талқыланады. Ш.Маржанидің нумизматика ғылымын алғаш болып дереккөздермен байланыстыру әдісі айтылады.