Мақалада Жошы Ұлыстық Сарайшық қыш бұйымдарының зерттелу тарихы қарастырылады. Сарайшық – ХІІІ-ХVІ ғасырларда Шығыс пен Батыс әлемін байланыстырған Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқан білімі мен ғылымы өркендеген, қолөнері мен саудасы дамыған қалалардың бірі. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында орналасып, тоғыз жолдың торабы ретінде белгілі. Орта ғасырларда қыш бұйымдар өндірісі дамудың жаңа сатыларынан өтіп, оның түрлері көбейді. Сарайшық секілді Жайық бойы қалаcының қыш бұйымдар өндірісіне транзиттік керуендер арқылы келетін қыш ыдыстар мен тауар тасымалдауға арналған ыдыстардың ықпалы зор болған. Оны Жайық бойынан табылған Қырым, Кавказ, Төменгі Еділ бойы, Хорезм өңірлері қыш өндірісінің белгілері дәлелдейді. 1909 жылы Сарайшық қалашығы орнынан шамамен 2 сажень тереңдіктен табылған хұмның сыртқы бетінде шығыстың көрнекті ақыны Жүсіп Бала-сағұнидың ХІ ғасырда жарыққа шыққан «Құтты білік» атты дидактикалық поэмасынан үзінділер жазылған.
Сарайшықтың қыш бұйымдар кешенінде пішіндері әртүрлі сырланбаған қызыл балшықты қыш ыдыстардың саны басым, олардан соң - сырланған қызыл балшықты және кашиннен жасалған қыш ыдыс-тар, сондай-ақ, шет өңірлерден тасымалданған қыш бұйымдар үлгілер кездеседі. Сәулеттік әшекейлер де бұл кешеннің ажырамас бөлігін құрайды.