Андалусияның ислам тарихындағы және Батыс өркениетіндегі орны өте маңызды. Ислам географиясының батыс шекарасында орналасқан бұл маңызды география бүгінгі күнге дейін әлемде түрлі еңбектер мен зерттеулерге арқау болып, зиялылар мен ойшылдардың ой әлемінде әрқашан өз орнын тапқан. Өз дәуірінде Ислам өркениетінің ең жарқын өкілі ретінде көрінген Андалусияның Еуропа, Солтүстік Африка және Жерорта теңізі географиясына әсерінің тарихи маңыздылығына байланысты шамамен сегіз ғасырлық кезеңді қамтитын барлық мәселелер әсіресе Еуропа мен Америкадағы білім ордаларында жиі зерттелуде. Елімізде Андалусияның саяси тарихы және Андалусиядағы әлеуметтік және мәдени өмір туралы зерттеулер жайлы жарияланған еңбектер әлі жеткіліксіз деңгейде. Сол себепті мақаламызда Ислам тарихының бірі бөлшегі саналатын Андалусия мемлекетінің қысқаша тарихы туралы тың мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік.
Мақалада Әмәуи билігінің құлауымен бірге тарих сахнасындағы өмірін жалғастыруда орны айрықша саналатын Әмәуилік Андалусия мемлекетінің тарихындағы қилы өзгерістер және Андалусия жерінде билік құрған Ислам дінін ұстанушы халифа, сұлтандардың басқару кезеңдері кесте түрінде ұсынылды. Мұнда біз қол жеткізген ең маңызды мәлімет, Испания еліне алғаш келген мұсылман әскери жасағы мен онда Испан халықтарының мұсылман дін өкілдерімен түрлі салада байланыстарды дамытып бірнеше ғасыр өмір сүруі; ғылым мен білімге өзіндік үлес қосуда әрі танымал Ислам философтарының шығуына орасан ықпал жасағанын ғылыми түрде анықтау мақаламыздың мақсатын айқындай түсті. Бұған қоса, Испания жеріндегі мұсылмандардың ұзақ уақыт бойы құрған бірқатар саяси биліктері, мұның ішінде Уәлилер кезеңі, Андалусия Әмәуилері кезеңі, Мулукут-Тауайф кезеңі, Мурабиттер мен Муаххидтер кезеңі, Гирната Әмірлігі, Морисколар секілді алты саяси кезеңге қысқаша тоқталып өтілді.