Мақалада Кеңестік кезеңдегі қазақ мерзімді басылымдарының бірегейі – «Қазақ» газетіндегі дәстүрлі дін өкілдері турасындағы маңызы бөлек мақалалар біршама зерттеп-зерделенеді. Сонымен қатар осы дін мәселелеріне кеңірек тоқталған автор «Ақ жол» газетіндегі дін қайраткерлерін қаралауға бағытталған материалдарға да жете үңіліп, тақырыпты ашуға мейлінше тырысып бағады. Кеңестік дәуірде қасірет шеккен, құғын-сүргін құрбандарына айналған қожа-молдаларымыздың, имам-ишандарымыздың, қажы-қазіреттеріміздің қилы тағдырына, қызыл тасборанда қыршын кеткен арыстарымыз жайлы ақиқатқа қанығу ұлт ғылымы үшін де, ұрпақ тәрбиесі үшін де аса қажет. Баспасөздерде жарияланған ишан-молдалар туралы мәліметтер келер ұрпаққа қажет болғандықтан туындап отыр. Өткеннің өміріне шолу жасап, тарихқа назар аударып, жеке тұлғаны қалыптастырудың өз ұстанымдарын қажет етеді. Сол себепті Кеңестік кезеңдегі ишан мен молдалар қуғынға тап болса да, олардың ізгі істерін келер ұрпаққа көрсетпек басқы мақсаттардың қатарында болды.
Сонымен қатар «Ақ жолдың», ұлт зиялыларының осы мәселеге қатысты көзқарасы, газеттің ұстанған бағыты да біршама сарапталады. Тәуелсіз еліміз өркениетті әлемге танылып, елдігіміздің берік іргетасы қаланып, қасиетті де киелі құндылығымыз – Егемендік халқымыз үшін жаңа өрлеу жолын ашты. Қазақстан көп ұлтты, көп конфессиялы, зайырлы мемлекет. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әркімнің діни наным-сенімі өз еркінде. Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Біздің елде діни алауыздыққа, ұлт араздыққа жол жоқ, өйткені еліміздің басты ұстанымы азаматтарымыздың бейбіт өмір сүруі. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Дін ұлтқа бөлінбейді. Діни тұрақтылық та ең маңызды мәселелердің бірі. Шартарапта болып жатқан ұрыс-жанжалдар мен түрлі кесір-кесапаттардың өзегін діннен іздеу орынсыз.