Мақалада 1920-1930 жылдары қазақ даласында берік орнаған Кеңес үкіметінің аграрлық саясаты, әсіресе, 1928 жылғы 27 тамыздағы қазақтың ауқатты топтарын тәркілеу туралы қаулының қабылдануы, жүзеге асырылу барысы және кеңестік саясаттың қудалауына ұшыраған қазақ қоғамына белгілі әулеттердің тағдыры баяндалады. Ұжымдастыру жылдары тәркілеуге саясатының зардабы бүгінгі таңда әр отбасының тарихында терең із қалдырғаны анық. Осы мәселені зерттеу барысында тәркілеу саясатының аса өзекті тұсы – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ даласындағы саяси өзгерістерде маңызды рөл атқарған текті әулеттер мен белгілі тұлғалардың жеке істері, құжаттары басты назарға алынды.
ХХ ғасырдың басындағы жағдай, саяси үдерістер, Алаш қозғалысы сынды тарихи тәні айрықша оқиғаларды зерттеу барысында жоғарыда аталған қазақ қоғамының әлеуметтік топ өкілдерін тереңдете зерттеген абзал. Ұлт зиялылары бастаған барлық келелі істердің бас-қасында, қазақ қоғамы үшін тағдыршешті қадамдарда Жетісудағы Маман әулеті ұрпақтары, Арқа өңірінен Ақайдың Хасені, Ақбай Ыбыраев, баянауылдық Шормановтар, Семей-Шыңғыстау өңірінен Қаражан Үкібаев, Ике Әділов, Ақкенже Ақмағамбетов, Орал облысынан атақты Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров сынды ауқатты топтардың материалдық және қаржылық қолдауы, елді жұмылдыра білуі үлкен рөл атқарды. Тәркілеу құжаттарында олардың патша өкіметі тұсындағы атқарған қызметтері, Уақытша үкімет пен Алашорда билігі кезеңіндегі саяси ұстанымдары айыптауға басты негіз болып көрсетілген. Мұндай текті әулеттер қазақ даласының әр бөлігінде кездесіп отырды.
Мақалада тәркілеу саясатының зардабын бүкіл әулет болып басынан өткерген әулеттердің қуғын-сүргін тарихы мен тағдырын негізге ала отырып, олардың көпшілікке беймәлім тұстарын ашуға талпыныс жасалды.