Мақалада ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басындағы шетелдік өнеркәсіп пен банк капиталының қазақ жерінің табиғи шикізат байлығын игеруге қатысу жолдары мен ерекшелігі баяндалады. Авторлар, ХІХ-ХХ ғасырларда экономикалық, қаржы, сауда және технологиялық орталық саналған Англия, Германия сияқты еуропалық мемлекеттердің қазақ жерінің байлығын игеруге салған капиталының салыстырмалы талдауын береді. Шетелдік мемлекеттердің өзара бәсекелестігі мен олардың күшті немесе әлсіз позицияларды иелеу себептеріне баға беріледі.
ХІХ ғасырдағы Ресей экономикалық және технологиялық дамуы жағынан арта қалғандықтан, батыс елдерінің капитал шығару нысанына айналды. Патшалық Ресейдің бодандығына түскен қазақ жерінің табиғи шикізат көздерін өз күшімен игере алмаған Ресей, бұл аймақты шетел капиталы арқылы игеруге тырысты.
Ресейдің индустриалдық даму әлеуеті төмен болғандықтан, орыс кәсіпкерлері қазақ жерінің пайдалы қазбаларын игеру мақсатында ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап тау-кен және өнеркәсіп кәсіпорындарын шетелдік капиталдың қатысуымен құрды. Ресей, қазақ жерінің тау-кен, мұнай-көздері байлығын шетел іскерлеріне концессияға немесе арзан бағаға сата бастады. Қазақ жерін орыс империясының шаруашылық-экономикалық аймағының бір бөлігіне айналдырды.