Қазақстандағы кеңестік модернизация және оның салдары туралы мәселе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта кең түрде зерттеліп келеді. Соның ішінде 20-30 жылдардағы Ашаршылық миллиондаған адамның өмірін қыршынынан қиып, ұлтымызды құрып кету шегіне жеткізді. Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты бұрын-соңды болмаған босқыншылыққа алып келді. 1930 жж. басындағы Қазақ-Қытай шекарасы аумағында орын алған босқыншылық және қазақ босқындарына қарсы қолданылған кеңестік биліктің террорлық әрекеттеріне баға беру көзделген.
Архив материалдарының мол қоры мен ауызша тарихи деректерді кең түрде пайдалана отырып, шекаралық аймақта орын алған зорлық-зомбылықтың себептерін, ауқымын және түрлерін анықтау белгіленген. ХХ ғасырдың 30 жылдарының басындағы Қазақстанның шығыс шекара аймағында орын алған қайғылы оқиғалар жан-жақты зерттелді. Босқыншылықтың себептері, оның аймақтық ерекшеліктері анықталды. Билік өз тарапынан жіберілген қателіктерді мойындап, нәубеттің себептерін анықтап жоюдың орнына бейбіт халыққа қарсы жаппай террорлық әрекеттерді қолданды. Қазақ өлкесіндегі босқындық және қазақ босқындарына қарсы кеңінен қолданылатын зорлық - зомбылық актілері сталиндік режимнің ең қатыгез қылмыстарының бірі болып табылады.