Тарихи еңбектер мен әдеби жәдігерлерде көптеп кездесетін «сарай ақындары», «сарай қызметкерлері», «сарай мәдениеті» сияқты атаулар нені білдіреді? Мемлекеттің басқару жүйесіндегі сарай құрлымының маңыздылығы туралы не білеміз. Сарайлардың қалыптасу үдерісі, оның қызметі мен тарихи маңызы, нақтырақ айтқанда түркі мемлекеттерінің тарихындағы орны қандай болды? Міне осы сұрақтарға жауап беру бүгінгі тарих ғылымының алдында тұрған мәселелердің бірі. Түркі мемлекеттеріндегі «сарай» мәселесін зерттеу әрі, қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамыры болып саналатын түркілік кезеңдегі мемлекеттік жүйе туралы мәлімет жинақтауымызға мүмкіндік береді. Себебі тарихи деректердегі мәліметтер сарай қызметінің мемлекеттің басқару жүйесінде өзіндік мәні мен орны болғанын көрсетеді.
Түріктер қалыптастырған мәдениет пен өнер екі маңызды кезеңнен тұрады. Біріншісі– түріктердің исламға дейінгі кезеңі. Бұл дәуірде Орталық Азияның Шығыс және Батыс әлемін байланыстыратын үлкен керуен жолдары бойында қоныстанған түріктер, осы географиялық аймақтың мәдениеті мен сәулет өнеріне өзіндік үлесін қосқаны анық. Екінші кезең болған-Ислам дәуірі мәдениетін зерттеген кезде түріктердің бұл мәдениеттің Шығыстан Батысқа таралуындағы басты қозғаушы күш екендігі көреміз. Көне түріктердің тарихындағы биліктің орталығы ретінде сарайдың қалыптасу тарихы да осы екі маңызды кезеңді басынан өткерді. Тарихи деректердегі Атилланың Рим және Византия елшілерін шатыр-сарайларында қабылдағаны туралы, сондай-ақ Қарлұқтардың Ферғана аймағындағы сарай жәдігерлерінің болуы, Анадолыда құрылған түркі мемлекеттеріндегі сарайлар бізге түрлі географиялық аймақтарда өмір сүрген түркі халықтарының тарихындағы сарай құрлымының даму кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді.