Мақалада ирандық бірегейліктің тарихи және әлеуметтік аспектілері, тарихи өзгерістермен өзара әрекеттесу мәселелері, жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау проблемалары талданды. Сонымен қатар, Иранның ұлттық болмысының жүйелік ерекшеліктері мен негізгі құрамдас бөліктері анықталып, талданды. Ұлттық бірегейлік дағдарысына ықпал ететін себептер мен факторларды талдауға елеулі орын берілді.
Иран халқы тамыры терең этнос ретінде өзінің ұлттық болмысын қалыптастыру үшін тарих бойында ерекше үдерістермен бетпе-бет келді. Бұл халықтың терең тарихы, аумақтық географиясы, дінінің ежелгі және ислам дәуіріндегі қоғамдық өміріндегі таптырмас рөлі, оның тарих бойындағы сабақтастығы Иранның ұлттық болмысының негізгі құрамдас бөліктері болып саналады. Сол себепті, Иранның ұлттық болмысын қалыптастырған үш негіз бүгінгі иран халқының терең тұғыры болып тұр, олар: -ұлттық болмыстың тірегі болып табылатын көне Иран; -соңғы ғасырларда ирандық бірегейлікті қалыптастырушы элементтердің маңызды бөлігін нәрлендіріп тұрған ислам; -дәстүрлі ирандық идеяларға негізделіп, жаңа реңкке ие болған қазіргі заман. Ұлттық бірегейліктің бұл нышандары, шын мәнінде, қоғамдағы жеке, әлеуметтік және этникалық әртүрлілікке қарамастан, айқын айырмашылықтарды азайтуға, оларды біріктіруге көмектеседі. Осы айтылған элеметтерге тоқталып, мақалада салыстырмалы-аналитикалық талдаулар жасалды.