Мақалада Батыс Қазақстандағы құрылған әскери комиссариаттардың құрылу тарихы мен қызметі және Отан қорғауды ұйымдастырудағы рөлі туралы мәселе жаңа архив деректерінің негізінде қарастырылған.
Мемлекеттердің тарихында елі мен жерінің бостандығын қорғау үшін жанкешті соғыстардың, қарулы қақтығыстардың болып тұратындығы баршаға мәлім. Мұндай жағдайда әрине, қарулы күштердің, яғни әскердің рөлі маңызды болып табылады. Жақсы ұйымдасқан, әскери жабдығы талапқа сай әскердің арқасында жаңа жерлер жауланып, немесе елі мен жеріне сыртқы жаудың шабуылына тойтарыс берілген. Әрине, елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы әскери құрылымдардың, оның құрамындағы жауынгерлер мен әскери қолбасшылардың еңбегінің ерекше екендігі ешқандай дау тудырмайды. Солардың өшпес ерлігінің арқасында осы күнгі тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп отырмыз.
Бірақ, әскер қатарына моблизациялауға дайындық жүргізу, оны жүзеге асыру, қарулы күштер үшін адам мен халық шаруашылығының мүмкіндігін есепке алып, жастарды әскери қызметке даярлап, әскер қатарына шақыруды ұйымдастыратын және осы сала бойынша тағы да басқа жұмыстармен шұғылданатын әскери мекеме – Әскери комиссариаттар туралы мәселеге толық назар аударылмай келеді. Осы ғылыми мақалада Әскери комиссариаттардың құрылу тарихы мен қызметі ғана емес оның елдің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауды ұйымдастыру жолындағы қызыметіне және оның тарихи маңыздылығына тоқталғанды жөн көрдік.
