Мақалада Шу өңірінде орналасқан ортағасырлық Қосқұдық қаласының топографиялық орналасуы, мерзімделуі, шаруашылығы және қақпасына жүргізілген қазба жұмыстары қарастырылады. Ескерткіш туралы алғашқы мәліметтер 1980 жылдардың аяғында ғылыми айналымға енгенімен, нақты қазба жұмыстары жүргізілмеген. 2018 ж. ортағасырлық Қосқұдық қаласының шығыс бұрышына таман шурф және 2019 ж. солтүстік-шығыс қақпасы орнына Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Шу археологиялық отряды (жетекшісі Е.Ш. Ақымбек) қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіштің мерзімделуі, фортификациясы, шаруашылығы туралы құнды ақпараттар алады. Мақала авторлары ашылған қала қақпасының негізінде, Шу өңіріндегі ортағасырлық қақпа құрылымдары, жалпы қақпа атауының этимологиясына назар аударады. 2018 ж. салынған шурфтан алынған ағаш көміріне радиокөміртекті талдау жүргізіліп, қаланың ХІ–ХІІ ғғ. (1043-1104(41.1%) calAD; 1117-1211(54.3%) calAD) жататындығы анықталады. Қақпа орнынан табылған керамика кешенінде асханалық ыдыстар басым екендігі айқындалады. Табылған қыш бұйымдардың сазының құрамында қандай минералдар барын анықтау мақсатында асүйлік және асханалық ыдыстардың бір-бір данасына рентгенодифрактометриялық талдау жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде ыдыс сынықтарының сазының құрамдарындағы минералдар мен басқа да қоспалар жалпы бірдей болып келгенімен, проценттік үлестерінде айтарлықтай айырмашылықтар бар екендігі белгілі болады. Қақпа жолынан бүтін жерленген ит және жартылай бүтін сақталған жылқы қаңқалары табылады. Ал, қазбадан анықталған басқа да остеологиялық материалдарға археозоологиялық талдау жүргізіліп, үй жануарларының (ірі қара және ит) экстерьерлік пішіндеріне салыстырмалы зерттеулер жүргізіледі.
Тіл
Қазақ
Кілтті сөздер
Шу өңірі, орта ғасыр, Қосқұдық қаласы, топография, фортификация, қақпа, ор, керамика, остеология, археозоология
Дәйексөздерді қалай жазу керек
[1]
Акымбек, Е. і Шагирбаев, М. 2021. ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚОСҚҰДЫҚ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚАҚПАСЫ. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы. 1, 68 (Чер 2021). DOI:https://doi.org/10.51889/2021-1.1728-5461.34.