Мақалада Алаш қозғалысының саяси-құқықтық идеялары ХХ ғасыр басындағы екі маңызды құжат – 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхаты» мен 1911 жылғы «Қазақ елінің уставы» негізінде қарастырылады. Зерттеудің басты мақсаты – осы құжаттар арқылы қазақ зиялыларының саяси санасының қалыптасуын, ұлттық мемлекеттілікке ұмтылуын, сондай-ақ олардың құқықтық және демократиялық реформалар жолындағы эволюциясын талдау.
Зерттеу барысында салыстырмалы талдау әдісі қолданылып, Алаш қайраткерлерінің отаршылдық жүйеден құқықтық тәуелсіздікке жету жолдары, олардың саяси стратегиялары мен реформалық ұстанымдары сараланады. Сонымен қатар, зерттеуде Алаш қайраткерлерінің жер, билік, құқықтық жүйе, сот реформалары мен ұлттық бірегейлікті сақтауға қатысты көзқарастары қарастырылады. Нәтижесінде Алаш қозғалысының қазақ халқының құқықтық ой-санасын қалыптастырудағы рөлі, оның демократиялық құндылықтарға негізделген ұлттық мемлекеттілік моделін дамытуға қосқан үлесі айқындалады.
Бұл зерттеу Алаш қозғалысының тарихи және саяси маңызын, оның қазіргі Қазақстандағы құқықтық жүйеге, ұлттық идеялар мен демократиялық үрдістерге ықпалын ашуға мүмкіндік береді. Жұмыстың нәтижелері Қазақстанның саяси тарихын, құқықтық эволюциясын және ұлттық сана қалыптасуын зерттеуде ғылыми және тәжірибелік негіз ретінде пайдаланылуы мүмкін. Зерттеу материалдары құқықтық саясат, саяси тарих және ұлттық бірегейлікті зерттеу салаларында өзекті болып табылады.
