Мақала ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Перовск уезіндегі құрылған «Қосшы» одағының тарихы мен Қазақстанда орын алған қоғамдық-саяси өзгерістер мен шаруашылық науқандардың барысын зерделеуге арналған. Авторлар «Қосшы» одағының мақсаты мен міндеттеріне талдау жасап, одақтың аясында жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Тап күресі өршіп тұрған кезде Перовск уезіндегі одақтың қызметі тек шаруашылық салада ғана емес мәдени-ағартушылық бағытта да жұмыс жасағандығы қарастырылды. Алғашқы кезде кедейлер мен жалшылардың мүддесін қорғайтын ұйым ретінде құрылған «Қосшы» одағы кейіннен Кеңестік биліктің саясатын жүзеге асыратын құралға айналды.
Елде болып жатқан саяси-шаруашылық науқандар «Қосшы» одағының тікелей қатысуымен жүзеге асты. Яғни, «Қосшы» одағы өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің маңызды институттарының бірі ретінде кеңестік реформаларды жүзеге асыруда ерекше роль атқарды. Егін шаруашылығымен айналысатын диханшыларды қолдау мақсатымен «Қосшы» одағының жанынан диханшылардың өзара көмек секциясы ашылды. Секцияның жұмысын ұйымдастыру «Қосшы» одағына тапсырылды. Сонымен қатар «әйел теңдігі» мен кеңестік билік «тұрмыстық қылмыс» деп шешкен қалың мал, көп әйел алу және т.с.с ғұрыптармен күрес мәселесі де одақтың назарынан тыс қалмады. Қазақстанда ең алғаш рет Перовск уезінде құрылған «Қосшы» одағының жұмысы архив құжаттары негізінде талданып, елдегі саяси ахуал мен аграрлық қайта құру кезеңіндегі ұйымның ролі анықталды.
