Мақалада белгілі қайраткер Бақытжан Қаратаевтың (1860 – 1934) Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивындағы жеке тектік қорына және қордағы ғылыми мұрасына дерекнамалық талдау жасауды көздейді. Қайраткер ⅩⅩ ғасырдың басындағы Ресей империясындағы күрделі саяси үдерістердің куәгері және қатысушысы болған. Тарихи оқиғаларды сын елегінен өткізіп қағаз бетіне түсірген. Зерттеу ҚР ОМА № 1227 Бақытжан Қаратаевтың жеке тектік қорының материалдарына негізделген. Қор құнды құжаттардың бірегейлігімен ерекшеленеді. Қорда Б. Қаратаевтың қолжазбаларының негізгі мұрасы сақталған. Қолжазба мұрасына дерекнамалық талдау жасауда нарративтік, дерекнамалық талдау, биографиялық, герменевтикалық әдістері қолданылды. Жеке тектік қорға жалпы және оның ішіндегі қолжазбаларға дерекнамалық талдау жасау тарих ғылымының талабы. Қордағы кейбір қолжазбалардың, мәтіндердің ғылыми айналымға еңгізілмеуі, оларға дерекнамалық талдау жасалмауы ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуді талап етеді.
Қайраткердің қалдырған тарихи мұрасына дерекнамалық талдау жасалуы ғылыми айналымға бірегей құжаттарды еңгізілуін, оның құрылымын, сақталу деңгейін, ғылыми құндылығын анықтауға, сонымен қатар автордың субъективтілік көзқарасының ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді. Жеке тектік қордағы автордың құжаттары, еңбектері зерттеуші ғалымдарға ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге септігін тигізеді.
Түйін сөздер: жеке тектік қор, Бақытжан Қаратаев, қолжазба, зиялы қауым, тарихи жад
