Орталық Азия даласында бәрі де түркі текті халықтар бола тұра, жайылым мен су көздеріне таласып, бірін-бірі шабуылдайтын жайттер аз болмаған. Әсіресе көшпелі қоғамда бұндай жағдайлар қалыпты болып саналған. Мысалы бұған XVIII ғасырдағы қазақтар мен қырғыздар арасында туындаған түрлі деңгейдегі соғыстарды атауға болады. Шын мәнінде қазақтар мен қырғыздар талай ғасыр көршілес отырып, ауылы аралас, қойы қоралас тіршілік еткен. Енді бір сөзбен айтқанда, қазақ-қырғыз қатынасы тек қақтығысқа құрылмаған, араларында мәдени және экономикалық байланыстар да болды. Сауда-саттық жүргізіліп, кейде құдандалық қатынастар орнады. Бұл екі халықтың этникалық және мәдени жағынан жақындығын көрсетеді.
Жоңғарлар жойылғаннан кейін, олармен ұзақ жылдар әскери соғыстар жасасып келген қазақтар мен қырғыздар ендігі жерде Цин патшалығымен ресми саяси-экономикалық қарым-қатынас орнатып, жылқыға жібек саудасын дамытты. Осылай бола тұра екеу ара қақтығысып қалатын мысалдар да көп кездеседі. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы 1774 жылғы «Барақ шабылған» мен «Жәйіл қырғыны».
Бұл қақтығыстар бұған дейін де ел арасында тараған аңыз-әңгімелер негізінде зерттелген болатын. Шоқан Уәлихановтың жазбалары мен одан кейінгі ғылыми зерттеулерде осы реткі соғыстың 1770 жылы болғандығы айтылады. Алайда жақын жылдардан бергі қытай архивтеріне жасалған зерттеулерде бұл соғыстардың 1774 жылы болғаны анықталып отыр. Бұған негіз болған тарихи жазба материалдар – Әбілпейіз сұлтанның хаты мен осыған желілес жазылған мәнжу тілді мәлімдемелер. Сол себепті аталмыш архив құжаттары қазақ тарихы үшін аса құнды жазба мұралар болып есептеледі.
Мақала осындай тың дереккөздерін пайдалана отырып, XVIII ғасырдың соңын ала қазақ-қырғыз арасында туылған екі реткі ең ауқымды далалық соғыс туралы ғылыми талдау жасайды.
