Мақаланың мақсаты 1989 - 1993 жылдары аралығында Түркия елін президент ретінде басқарған Тұрғыт Өзал дәуірінде Түркия–Әзербайжан қатынастарын талдау болып табылады. КСРО-ның ыдырауынан кейін Оңтүстік Кавказ аймағы халықаралық қауымдастықтың ерекше назарын аударған стратегиялық кеңістікке айналды. Әлемдік жүйедегі екі супердержаваның бірінің жойылуы аталған өңірде елеулі геосаяси вакуум қалыптастырып, күштер тепе-теңдігі мен аймақтық қауіпсіздік архитектурасының қайта құрылуына алып келді. Геосаяси орналасуы, энергетикалық және көлік дәліздері тұрғысындағы әлеуеті, сондай-ақ қауіпсіздік пен саяси тұрақтылыққа ықпалы Оңтүстік Кавказды жаһандық саясаттың маңызды аймақтардың біріне айналдырды. Халықаралық деңгейде КСРО дәуірінде Оңтүстік Кавказ аймағына белсенділік таныта алмаған Түркия үшін бұл өңірдің стратегиялық маңызы өзге мемлекеттермен салыстырғанда айрықша сипат алды. 1991 жылы тәуелсіздігін жаңадан жариялаған Әзербайжан Түркиямен тарихи, діни және мәдени ортақтық негізінде халықаралық қатынастар жүйесіне дербес актор ретінде еніп, екіжақты байланыстар жаңа саяси мазмұнға ие болған еді.
Түркия қалыптасқан жаңа халықаралық жүйе жағдайында өзінің геосаяси орнын қайта айқындау мүмкіндігіне ие болып, Батысқа бағытталған тәуелділік элементтері басым әрі теңгерімдік сипаты әлсіреген сыртқы саяси бағдарын ұлттық мүддесіне сәйкес қайта құрылымдауға стратегиялық мүмкіндік алды. Осы үдеріс аясында этникалық және мәдени ортақтыққа негізделген Әзербайжан мемлекетімен институционалдық және көпқырлы байланыстарды дамытып, аймақтық ынтымақтастықты нығайту мен өзара тиімді стратегиялық серіктестік қалыптастыру бағытында жаңа саяси-экономикалық мүмкіндіктерді іске асыруға кірісті.
1991 жылғы 30 тамызда Әзербайжанда тәуелсіздік жарияланып, 18 қазанда «Мемлекеттік тәуелсіздік заңы» қабылданды. Тәуелсіздік алған кезеңде, әсіресе Қарабақ дауы аймақтық саяси және қауіпсіздік динамикасын айқындаған маңызды фактор болып отырды. Аталған тарихи және мәдени контекст «Түркі әлемі» идеясын саяси құрылымдарға интеграциялау үрдісінде ерекше мәнге ие болды. Түркия-Әзербайжан қарым-қатынастары Тұрғут Өзал кезеңінде жаңа қарқын алған, ал энергия ресурстары мен мемлекетаралық саясаттың стратегиялық мәні Өзал дәуіріндегі сыртқы саясаттың экономикалық рационалды бағытын айқындады. Осы кезеңде Түркия-Әзербайжан қарым-қатынастарында Тұрғут Өзалдың саяси тұлғалығы шешуші рөл атқарған факторлардың бірі болды. Энергетикалық саясатқа негізделген басымдықтар, әсіресе Әзербайжан елімен дипломатиялық және мәдени стратегияларды айқындау – Тұрғұт Өзалдың сыртқы саясаттағы басымдықтары ретінде қарастырыға болады. Негізінде Тұрғұт Өзал көптеген түрік ғалымдарының зерттеулерінде «трансформациялық көшбасшы» ретінде сипатталған.
