Қазақ халқының тарихындағы XVIIIғ.-XIX ғасырдың бірінші жартысы ерекше кезең болып табылады. Аталған кезеңде қазақ жері түрлі саяси күштердің — Ресей империясының, Қоқан, Хиуа хандықтарының, Бұхара әмірлігінің мүдделері тоғысқан аймаққа айналды. Солардың ішінде Қоқан хандығы мен қазақ рулары арасындағы қарым-қатынастар ерекше күрделі және көп қырлы сипатымен ерекшеленеді.
Мақалада осы мәселеге қатысты отандық тарихнаманың зерттеу кезеңдері мен негізгі еңбектері қарастырылады.
Қоқан хандығы мен қазақ халқының өзара қатынастары әскери, саяси тұрғыда, сонымен бірге экономикалық, мәдени және діни ықпалдастық тұрғысынан да маңызды.
Қазіргі таңда бұл тақырып Орталық Азия халықтарының ортақ тарихи кеңістігін түсінудің, яғни, өңірлік ықпалдастық пен мәдени сабақтастықты түсінудің, бағалаудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Мақалада қазақ-қоқан қарым-қатынастар тақырыбының отандық тарихнамада қалай және қандай бағыттарда зерделенгенін, осы саладағы зерттеулердің теориялық-методологиялық негіздерін, көзқарас эволюциясын, сондай-ақ, идеологиялық факторлардың ықпалын саралауға бағытталған. Мақаланың мақсаты қазақ-қоқан қатынастарын зерттеген ғалымдардың еңбектеріне тарихнамалық және дискурсивтік тұрғыдан жүйелі шолу жасау болып табылады. Зерттеуде кеңестік кезеңдегі тарих ғылымының саяси шектеулері мен методологиялық догмалары, сондай-ақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі жаңа ғылыми парадигмалар – өркениеттік, посткеңестік және тарихи-салыстырмалы әдістер – арнайы талданады.
Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан қаржыландыратын ғылыми жоба (грант № AP26101025) аясында дайындалған
