Бұл мақалада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең күрделі, даулы, әрі жүзеге асырылуы кейінге шегерілген жобаларының бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қарастырылады. Мақалада қазақ тілінің тарихи даму кезеңдері мен оның латын әліпбиіне көшу идеясына түрткі болған факторлар жүйеленген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген қазақ тілін латын графикасына көшіру және оның ықтимал салдарлары туралы мәселе, оның артықшылықтары мен кемшіліктері тарихи-мәдени және әлеуметтік-лингвистикалық тұрғыдан талданады. Қазақ тілінің қызмет етуіндегі парадокс – оның тарихи тұрғыдан көпмәдениетті, әрі әртүрлі өркениеттермен бір мезгілде тығыз байланыста болуы – оның ажырамас ерекшелігіретінде айқындалады. Мақалада осы әлеуметтік-мәдени және лингвистикалық мәселенің шешу жолдарына қатысты тұжырымдар ұсынылды. Ф. де Соссюрдің концепциясына сүйене отырып, қазақ тілі мен оны латын графикасына көшіру мәселесі ең алдымен қазақстандық қоғамға әсер ететін әлеуметтік-мәдени үдеріс ретінде қарастырылған. Осыған байланысты бұл зерттеуде структурализм мен когнитивтік лингвистика сияқты әдістер қолданылды. Аталған әдістер тіл концептілерін оның элементтері арасындағы қатынастар жүйесі ретінде қарастырады, мұнда әрбір элементтің өзіне тән дербес қызметі бар (жалпы деңгейде де, жекелеген деңгейде де). Сондай-ақ, тілдік факторларды талдауға прагмалингвистика мен социолингвистика сияқты тәсілдер қолданылды. Бұл ғылымдар тілді, сөйлеушілердің талаптарына сай қалыптасып, әртүрлі тарихи кезеңдер мен жағдайларға бейімделетін прагматикалық акт ретінде түсіндіреді.
Түйін сөздер: латындандыру, қазақ тілі тарихы, әліпби, «Рухани жаңғыру».

