«Зубдат әл-фикра» еңбегі Елхан мемлекеті мен Мәмлүк Египетінің өзара қатынастарын, Берке мен Хулагу хандар арасындағы соғыстарды және ислам әлемінің саяси құрылымындағы өзгерістерді зерттеуде аса құнды тарихи дереккөз болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты – 1260-жылдардағы Хулагу Елханның өмірі мен билік қызметіне қатысты мәліметтерді кешенді түрде талдап, олардың тарихи және деректанулық маңызын айқындау. Мақалада Хулагу ханның Бағдатты алудан кейінгі саяси әрекеттері, Аббас халифатының қайта қалпына келтірілуі, әл-Хаким Биамриллаһтың билікке келуі және Берке ханның исламды қабылдауы сияқты деректердің мазмұны мен баяндау ерекшеліктері араб дереккөздері негізінде салыстырмалы түрде қарастырылады.
Зерттеу барысында «Зубдат әл-фикра» еңбегіндегі ғылыми айналымға бұрын толық енгізілмеген үзінділер алғаш рет аударылып, мәтіндік және деректанулық тұрғыда талданды. Бұл мәліметтер Хулагу дәуірінің хронологиялық желісін нақтылауға, оның Мәмлүк Египетімен, Жошы ұлысымен және ислам әлемімен саяси-идеологиялық байланыстарын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің әдістемелік негізін деректің сыртқы және ішкі сын тәсілдері, мәтіндік салыстыру және тарихи реконструкция әдістері құрайды. Алынған нәтижелер XIII ғасырдың екінші жартысындағы Елхан мемлекетінің саяси тарихын жаңа қырынан бағалауға және Хулагу тұлғасының исламдық өркениеттегі тарихи орнын айқындауға мүмкіндік береді.
