Мақала Ресей империясының отарлық саясатының жүйелі дағдарысының көрінісі ретінде қарастырылатын Орал және Торғай облыстарындағы 1869 жылғы қазақ халқының көтерілісіне арналған. Зерттеу көрсеткендей, метрополияның бастамасымен жүргізілген реформалар перифериядағы жағдайды тұрақтандырып қана қоймай, керісінше, дала шекарасындағы шиеленісті күшейтті. Ресми құжаттарды, әскери хат алмасуларды және баспасөз материалдарын талдау негізінде көтерілістің себептері, қарсылықтың нысандары мен деңгейлері, сондай-ақ әкімшілік құрылымдардың әрекеттеріндегі қателіктер анықталады.
Оқиғалардың баспасөзде қалай түсіндірілгеніне, империялық күштің «қалыптасқан түсінікті» (нарративті) бақылауға қалай ұмтылғанына ерекше назар аударылады. «Жаңа империялық тарих», постколониалдық сын және тарихи антропология әдіснамасын пайдалана отырып, бұл зерттеу орталық пен шеткері аймақ арасындағы қайшылықтарды ашып көрсетеді, сонымен қатар көтерілісті стихиялық көтеріліс ретінде емес, орныққан тәртіпті жоюға бағытталған мәнді реакция ретінде көрсетеді. Бұл зерттеуде далалық аймақтарды әкімшілік ббіріктірудің империялық стратегиясының шектеулерін көрсете отырып, қарсыласудың мәдени және саяси механизмдеріне назар аударылады.
Біз бұл реформаларды жергілікті халықтың қалай қабылдағанын және олардың неліктен наразылық тудырғанын түсіну үшін заманауи ғылыми әдістерді қолданамыз. Газет мақалалары мен ресми құжаттар арқылы көтеріліс бейнесінің қоғам мен билік алдында қалай қалыптасқанын анықтаймыз. Көтеріліс екі дүниенің – империялық тәртіп пен дәстүрлі көшпелі өмір салтының қақтығысының нәтижесі ретінде көрсетіледі.

