Мақалада Түркияның Орталық Азиядағы түркітілдес мемлекеттеріне ұстанған сыртқы саясаты ХХ ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың басы аясында талданды. ХХ ғасырдың 90-жылдары - XXI ғасырдың басында Түркияның Орталық Азиядағы Түркітілдес мемлекеттеріне ұстанған сыртқы саясатына ғылыми талдау жасап, Ресейдің бұл қатынастарға ықпалын айқындау зерттеу жұмысымыздың маңызды гипотезасы саналады. Зерттеу аясында тарихи, саяси және халықаралық қатынастар әдістері қолданылды.
ХХ ғасырдың 90-жылдарында Түркия мен Ресейдің Орталық Азиядағы Түркітілдес мемлекет-терге ұстанған сыртқы саясаттарын өз ішінде екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең 1991-1993 жылдары аралығын қамтып Ресей бұл дәуірде КСРО-ның ыдырауына байланысты экономикалық мәселелерін шешумен әлек болып, Орталық Азиядағы Түркітілдес мемлекеттеріне қатысты ұстанған саясаты, әрі үстемдігі бәсендей бастаған болатын. Ал Түркияның бұл елдерге қатысты сыртқы саясаты сол дәуірдің ұлы державасы АҚШ-тың қолдауы арқасында белсенділігі арта түскен. Екінші кезең 1994-16 қараша 2001 жылдары аралығын қамтып, бұл жылдары аралығында Ресейдің Орталық Азиядағы Түркітілдес мемлекеттеріне қайтадан қызығушылық танытып, Түркия болса аймақ елдерімен байланысын экономикалық әрі білім-ғылым саласын дамытумен шектеген болатын. Ресейдің Орталық Азиядағы Түркітілдес мемлекеттеріне деген қызығушылығының қайтадан күшеюі бірнеше себептерден туындаған. Олар ең бастысы Ресей Батыс елдерінен қажетті қаржы көмегін ала алмады, екінші жағынан билік басына ұлттық мүддені әрі ұлттық қауіпсіздікті алға тартатын мемлекеттік қызметкерлер келген еді. Олардың ұстанған басты сыртқы саяси стратегиясы Ресейдің таяу шетелде ықпалы мен үстемдігін күшейту болды. XXI ғасырдың алғашқы жылдары 16 қазан 2001 жылдан бастау алады. Бұл дәуірдің басты ерекшелігі екі мемлекет «Еуразияда ынтымақтастықты дамыту әрекетінің жоспары: екі жақты ынтымақтастықтан көпбағытты әріптестікке» атты келісімге қол қойып, Түркия мен Ресей арасындағы байланыстар нығаюға бет алды және екі жақты экономикалық қатынастар қарқынды түрде дамып, екі елдің Орталық Азиядағы Түркітілдес мемлекеттеріне ұстанған сыртқы саясаттары үйлесімді түрде жалғасты.