Мақалада 1951-1964 жж. «тың және тыңайған жерлерді игеру» кезеңіндегі мәдени-ағарту мекемелерінің «тыңгерлердің» күнделікті өмірі сипатталады. Тың өлкесіндегі бұрынғы елді-мекендердегі мәдени-ағарту ошақтарының жағдайы мен тыңгерлер келген уақыттағы халыққа мәдени қызмет етудің жаңа жолдары, «тыңгерлердің» бос уақытын ұйымдастыруға байланысты үкімет пен партия органдарының іс-шаралары, қазақ ауылдарындағы мәдениет ошақтарының жай-күйі, ресми билік орындарының осы мәселеге деген көзқарастары қарастырылған.
1951-1964 жылдар аралығын қамтитын кеңестік кезеңдегі тың өлкесі тұрғындарының күнделікті өміріндегі мәдени-ағарту мекемелерінің орны мен маңызын тың архив деректері негізінде талданады. Әсіресе Тың өлкесі тұрғындарының күнделікті өмірінің маңызды аспектісі – еңбектегі күнделіктігі, тұрмыс жағдайлары мен бос уақытын ұйымдастырылуы, мәдени-ағартушылық жұмыстардың кең ауқымды жүргізілуі және оның проблемалары, кеңестік кезеңдегі халықтың тұрмыс салт ерекшеліктері, қуаттылығы жоғары шаруашылықтарда «мәдениет үйлері» бой көтеріп, мәдени ошақтардың қалыптасуын зерттеуге баса назар аударды.
Зерттеу барысында шағын қазақ ауылдарын мәдениет үйлерімен қамтылмауы, ондай мекемелерді ұстау тиімсіз деген сылтаумен жабылып қалған жағдайлар орын алғандығына тоқтала отырып, өлкенің автохтон халқының, тыңға келген өзге де ұлттар мен ұлыстардың рухани-мәдени құндылықтары ескерілмей оның орнына интернационалдық социалистік мәдениетті дамытып жатырмыз деген желеумен орыс мәдениетінің үлгілері насихатталғандығы көрсетілген.