Мақалада XX ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан мен Түркия орта мектептеріндегі тарих пәнінің оқулықтарына салыстырмалы сараптама жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, екі елдегі орта мектептерде тарих пәнін оқытудың кезеңдері мен дамуы сараланды. XX ғасырдың басында қазақ тарихының дамуына Алаш қайраткерлері мен қазақ интеллигенция өкілдерінің қосқан үлесі қарастырылды. Қазақ тарихы оқулықтарын қалыптастырудағы Кеңес өкіметінің ықпалы талданды. Зерттеу нысаны ретінде Қазақстан тарихына қатысты 1934 жылы басылған С. Асфендиаровтың «Қазақстан тарихының очерктері» оқулығы мен 1930 жылы К. Ататүріктің нұсқауымен баспа бетіне түскен «Түркия тарихының негізгі бағыттары» кітабы алынды. Қазақ және түрік орта мектептеріндегі алғашқы тарих оқулықтарына қысқаша мазмұндық – салыстырмалы талдау жүргізілді. Зерттеу барысында тарихи - салыстырмалы, идеографикалық, сандық – сапалық, контент анализ, құрылымдық, жүйелік сынды зерттеу тәсілдері қолданылды. Зерттеу нәтижесінде XX ғасырдың басындағы қазақ және түрік халықтарының орта мектеп бағдарламасына арналған алғашқы тарих оқулықтарына салыстырмалы сараптама жасалып, кеңестік билік тұсындағы Қазақстан мен тәуелсіз Түркия Республикасындағы тарихты оқытудағы айырмашылықтары мен ұқсастықтары салыстырылды. Сонымен қатар, С.Асфендиаровтың «Қазақстан тарихының очерктері» оқулығының орта мектепте оқытылмау себептері анықталды.