Мақалада кеңестік Қазақстанда қызмет атқарған саяси-идеологиялық цензураның әдеби шығармашы-лыққа ықпалына тарихи талдау жасалынған. Цензураға қарсылық ұлттық күрес сипатында айшықталған. Коммунистік партия жүйесі өнер мен әдеби шығармашылық салаларын өзінің идеологиялық мүдделерін жүзеге асыруда құрал ретінде қолдануға үлкен күш жұмсады. Осы мақсатта партияның идеологиялық бөлімі негізгі билік аппараттарының біріне айналды. Кеңес Одағының билік құрылымы шығармашылық пен ғылым өкілдерінен мемлекеттің саяси-экономикалық жетістіктерін насихаттауды талап етті. Ал, ұлттық мәдениет пен тарих салаларына күмәнмен қаралынды. Әдеби шығармашылық партияның саяси-идеологиялық цензурасының бірінші нысаны болып табылды. Себебі, қоғамның әдеби шығармаларға деген сұранысы өте жоғары болды. Бұл рухани қажетілік ағымын бақылауға алу, тиісті органдардың алдыңғы міндеті саналды.
Әдебиет өкілдері өздерінің шығармаларын саяси жүйенің талаптарына сай жүзеге асыруға тырысты. Бірақ, ұлттық сана мен тарихты жаңғыртуды көздеген қаламгерлер де болды. Олардың жеке өмірлері түрлі қысымдарға тап болды. 1930 жылдары қазақ жазушыларының биліктің ашық цензурасының жазалану факторларына ұшырағандығы белгілі. 1960-1980 жылдары әдеби шығармашылық өмірдегі цензураның қадағалау әдістері біршама жұмсарды. Бұл ұлттық мәдени құндылықтарды оқырманға жеткізетін туындылардың өмірге келуіне біршама жол ашты. 1980 жылдардың соңында саяси-қоғамдық шарттардың өзгеруіне орай кеңестік цензура өзінің мәнін жойды.