Мақалада деструктивті діни ағымдардың түсініктері барынша ашылады. Сонымен қатар мақалада деструктивті діни ағымдар түсінігі нақты ғылыми зерттеу жұмыстарындағы анықтамалар негізінде қарастырылады. Ең бастысы мақалада жалпы деструктивті діни ағымдарға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген зерттеушілердің еңбектері талданады. Бүгінгі күні діни астары бар террорлық әрекеттердің басым көпшілігі исламдық деструктивті ағым өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылуда екендігі ақиқат. Мұндай жағымсыз жайттар кез-келген мемлекеттің ішкі заңнамасы, яғни саяси-құқықтық жағдайына теріс әсер етеді. Сонымен қатар азаматтардың да құқықтарына қол сұғумен ұштасады. Деструктивті саяси ағымдардың ұйымдастырған әрекеттері адамгершілік құндылықтарды аяқ асты етіп, антигуманисттік сипатымен ерекшеленеді.
Қазіргі таңда деструктивті ағымдардың саясиланып, жекелеген елдердегі саяси үдерістерге белсене араласа бастауы дінтану саласының өзекті мәселесіне айналып отыр. Деструктивті ағымдар тек қана ислам дініне қатысты ғана түсінік емес. Кез-келген әлемдік дін өз ішінде ағымдар мен секталардың өмір сүруімен ерекшеленеді. Мұны көп жағдайда дінмен байланысты емес, тек барынша саясилана түскен үрдіс ретінде қарастырған абзал. Осы тұрғысынан келгенде деструктивті ағымдарды сипаттай келе, алдымен олардың пайда болу ерекшеліктеріне ерекше мән беру қажет.