Экологиялық дағдарысы тереңдеп отырған қазіргі заманда табиғатпен үйлесімділік жолдарын іздеу өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық мұрасын зерттеп-зерделеуге деген қызығушылық артып келеді. Еуразия халықтары сан ғасырлар бойы табиғатпен үйлесімді өмір сүрді. Оның өзегі – олардың қоршаған ортаға деген көзқарасын айқындайтын және этноэкологиялық дәстүрлерін қалыптастыратын рухани құндылықтарда еді.
Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық мұрасының рухани негіздерінің бірқатар қырлары бар. Біріншіден, Еуразия халықтары табиғатты тірі әрі рухани әлем ретінде қабылдады. Олар табиғатты тіршіліктің қайнар көзі ретінде ғана емес, сонымен бірге оны қастерлеп, қорғауды қажет ететін құбылыс деп санады. Екіншіден, көшпенділер табиғатта барлық құбылыстары өзара терең байланыста екенін түсінді. Олар өздерін экожүйенің құрамдас бір бөлігі деп қарады әрі олардың іс-әрекеттері осы жүйенің тепе-теңдігіне елеулі ықпал етуі мүмкін екенін терең сезінді. Мұндай экологиялық сана табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану дағдыларының қалыптасуы мен көшпелі қоғамдардың тұрақты дамуына алғышарт болды.
Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бірегей білім мен халықтың тіршілік даналығынан тұрады.
Көшпелілер Еуразияның қатал климаттық жағдайында өмір сүруге мүмкіндік беретін табиғи орта туралы ерекше дағдылар мен білімдерді дамытты. Олар табиғат тылсымдарын сезініп, табиғи ортаға оңтайлы бейімделе білді. Көшпелілердің бұл дәстүрлі танымы олардың этноэкологиялық мұрасының маңызды бөлігі болып саналады. Сондықтан Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық мұрасын қазіргі замандағы экологиялық мәселелерді шешуде қолдануға болатын құнды білім мен тәжірибе ретінде қабылдау қажет.