Бұл мақалада ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей империясының құрамына толықтай енген Жетісу өңірінің экономикалық өміріндегі татар ұлт өкілдерінің алған орны сипатталған. Дәлірек айтсақ, аталмыш аймақтың экономикалық дамуында орын алған жәрмеңкелер, жылжымалы сауда және стационарды сауда орындарының қалыптасуы мен татарлардың нақты атқарған қызметтері архив деректері негізінде келтірілген.
ХІХ ғасырдың 60-80 жылдары Түркістан, кейінірек Дала және қайтадан Түркістан генерал-губернаторлықтарының құрамына енген Жетісу облысының Шығыста Қытай, Оңтүстікте Орталық Азия нарықтарының ортасында орналасуы Ресей империясының тарапынан аса үлкен стратегиялық қызығушылық тудырды. Осы орайда дәл осы аймаққа империяның түпкір-түпкірінен сауданың майын ішкен саудагерлер келген еді. Және бұл мақала осы саудагерлердің ішінде татарлардың үлесі мен нақты атқарған қызметтері жайында жазылған.
Татарлардың ең алғаш жылжымалы саудагерлікпен жергілікті қазақ-қырғыз халықтарымен басталған сауда түрі уақыт өткен сайын дами түсті. Мезгілдік жәрмеңкелерге дейін көтеріліп, кейін тіпті түбегейлі тұрақты сауда орындары мен жергілікті халық үшін тұрақты жұмыс орындарының ашылуымен жалғасты. Дәл сол аталмыш жәрмеңкелер мен сауда орталықтарының аймақтағы экономикалық дамуындағы үлесі жайында осы мақала мағлұмат береді. Айлық пен жылдық табыстары, татар көпестерінің саны мен кейбір есімдер келтірілген. Сондай есімдердің ішінде Жетісу облысының орталығы Верный қаласының белді көпесі, меценаты мен жергілікті татарлардың бейресми көшбасшысы – Исхак Габдулвалиевтің үлесі туралы да мағлұматтар бар.