Әрбір мемлекеттің ұлттық жаңғыруы және дамуы үдерісіндегі билеуші топтардың атқаратын елеулі рөлі, тарихи маңызды мәселелердің қатарына кіреді. Бұл ең алдымен, ел билеушілерінің мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуындағы негізгі бағыттарды айқындаудағы кең мүмкіндіктерімен тығыз байланысты. Осы орайда, ХІХ ғасырдағы Мысыр мемлекетінің тарихи дамуы аясында, Мухаммад Али,Саид паша, хедив Исмаил-паша басқару кезеңіндегі елде жүргізілген әскери-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ағарту салаларындағы қайта құрылымдар ерекше назар аударатын тарихи тақырыптың біріне жатады.ХІХ ғасырда Мысыр мемлекеті өндірісті, білім беру жүйесін және қарулы күштерді модернизациялаудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруды бастады.Еуропалық үлгідегі билік институттарын құру арқылы әлеуметтік қайта құрылымдар іске асырылды.Қарастырылып отырған кезеңде Мысыр мемлекеті Осман империясының құрамына кіргені-мен, Таяу Шығысжәне Солтүстік Африкадағы жетекші ұстанымға ие, дербес мемлекетке айналғанын ерекшелеуге болады. Еуропалық үлгідегі білім беру жүйесін ендіруін, өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын жетілдіріп, дамыған армиясы мен әскери-теңіз флотының болуын модернизациялық өзгерістердің маңызды бөлігіретінде қарастыруға болады. Мақалада, Мухаммад Али және оның мұрагерлері билігі кезеңіндегі саяси, экономика, әлеуметтік өмір салаларындағы реформалар, жаңа кезеңдегі модернизация-лық қайта құрылымдар аясында қарастырылады.