Мақалада Солтүстік Қазақстан аудандарында жүргізілген ет, мал дайындау науқаны тарихының мәселелері қарастырылған. Авторлар ет дайындау науқанының қарқынды түрде жүргізілген кезеңінде, яғни 1930-1932 жылдары КСРО-ның өнеркәсіп орталықтары мен Қызыл Армияны етпен қамтамасыз етуге бағытталған жоспарларды орындауға жауапты Бүкілодақтық «Союзмясо» бірлестігінің, өлкелік, жергілікті биліктің және ет, мал дайындау желісінің қызметін талдаған. Зерттеу республикалық және Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаттарының қорларында сақталған құжаттар негізінде жүргізілді. Аймақтық зерттеу болғандықтан, мақалада Солтүстік Қазақстан аудандарындағы мал дайындаудың мерзімдері мен көлемі, оларды жүргізу әдістері және жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер еткен салдарлары туралы мәліметтер қамтылған.
Ет, мал дайындау науқаны мен жаппай ұжымдастыру кезеңінде орын алған малды қоғамдастыру нәтижесінде халық бар малынан айырылды деп айтаға болады. Сонымен қатар, осы науқандар мал санының күрт төмендеуіне әкеп соқты, сонымен қатар мемлекет мал шаруашылығында негізгі меншік иесіне айналды. себебі, Мәскеу, Ленинград және басқа да өндіріс орталықтарын етпен қамтамсыз етумен қатар, мал дайындау науқанының мақсаты колхоздар мен жаңадан ұйымдастырылған совхоздардың табындарын толықтыру болды.
Мақалада авторлар халықтың малдан айырылуы әлеуметтік-экономикалық апатқа – аштыққа себеп болды деген қорытындыға келеді. Бұған дәлел ретінде мақалада мұрағаттық құжаттардан алынған аштық туралы фактілер келтірілген және ашаршылық жағдайында қазақтардың жан сақтау амалдары сипатталған.