Кезінде жазықсыз қуғын-сүргін құрбаны болған, белгілі тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеу тарих үшін басты мақсаттардың бірі болып саналады. Мақалада осы кезге дейін тұлғаланбаған Орта Азия мен Қазақстанда ел игілігі үшін қызмет еткен, Келес аудандық комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарып тұрған кезінде, контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның құрамында болған деп айып тағылып, тұтқындалып, халық жауы деп жала жабылып, құрбан болған Сәдуақас Османовтың өмірі мен қызметі баяндалады. Кеңестік биліктің жоғары эшелонында қызмет жасаған қазақ зиялыларының қызметтері тарих үшін де, бүгінгі замандастар үшін де маңызды.
Зерттеудің мақсаты – өскелең жас ұрпақты төл тарихты құрметтей білуге тәрбиелеу, өткеннен сабақ алу, жеке тұлға бойында патриоттық қасиетті қалыптастыруға негіздеу. Нәтижелер: Сәдуақас Османов-тың өмірі мен қызметін баяндайтын мұрағат деректері талданып, мазмұны ашылады. Қорытынды: Түркістан облысының мұрағаттарынан алынған құжаттар ғылыми айналымға енгізілді. Оларды талдау Сәдуақас Османовтың тұлғасын толыққанды зерттеуге, оның тарихи тұлға ретіндегі Қазақстан тарихы үшін маңызын анықтауға көмектесті. Тарихи тұлға - Сәдуақас Османовтың ағартушылық, шығармашы-лық қызметі арқасында «Қазақ тілінің сөздігі» еңбегін жазып, ағарту саласына зор үлесін қосты. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген негізсіз жала жабылды.